Қазақстанда «билікті күшпен басып алмақ болғандар» кімдер?

Қазақстанда «билікті күшпен басып алмақ болғандар»


12/04/2022
11:32 4164 0

Қанды қаңтардан кейінгі айыптаулар және Кәрім Мәсімов

 

Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов бастаған бірнеше лауазымды тұлға (арнайы мақсаттар қызмет «А»  басшысы Ануар Садықұлов және ҰҚК төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожин) ұсталды. Олардың үстінен «мемлекетке сатқындық жасау», «билікті күшпен басып алуға талпыныс жасау» айыптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәрім Мәсімов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болды. Ол екі мәрте ҚР премьер-министрі (2007-2012 және 2014-2016 жж), Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі (2003-2006 ж), ҚР президент әкімшілігінің басшысы (2012-2014 ж) болып қызмет атқарды. 

 

Рахат Әлиев және билікті басып алу оқиғасы

 

2008 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевті (Дариға Назарбаевамен 2007 жылы ажырасқан) Ақмола горнизонының әскери соты сырттай 20 жылға соттады. Оған «мемлекетке сатқындық жасау және билікті күшпен басып алуға талпыну» баптары бойынша айып тағылған. Бұған дейін Алматы қалалық соты Әлиевті сырттай «НұрБанк» топ менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты өлтірді деген айыппен 20 жылға бас бостандығынан айырған. Тірісінде ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған және қозғалған істің барлығын атасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы шыққанымен байланыстырған. 

Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпанда Вена түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, Әлиев өз өзіне қол жұмсаған. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып тұрған уақытта елде тәуелсіз журналистер мен оппозициялық саясаткерлер асқан қатыгездікпен қудаланған.

 

«Сыра патшасының» билікті басып алу хикаясы

 

2016 жылы елдің назары шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешовқа ауды. Дәл осы жылы «Шымкент сыра» зауытының иесі «билікті күшпен басып алуға талпыныс жасау» айыбы бойынша 21 жылға сотталған. Сол уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Төлешов сыбайластарымен бірге билікті басып алу үшін жер реформасына қарсы Қазақстанның батыс аймағында наразылық акцияларын ұйымдастырды және қаржыландырды» деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, оған трансұлттық қылмыстық топты басқару, құру, адам өлтіру және ұрлау, конституциялық жүйені бұзуға шақыру айыптары тағылды. Тоқтар Төлешов (Сыра патшасы) қазір ИЧ 167/2 түрмесінде жазасын өтеуде. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

12/04/2022 11:32
4164 0

Уведомление